45 МЫҢ ШАРШЫ МЕТРГЕ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЕГІЛЕДІ
16.02.2021 Жалпы

Бүгін қала әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен мамандар қаланы жасыл желектендіру бойынша жоспарларды жүзеге асыру жолдарын талқылады. Жоспарды талқылау бойынша өткен жиынға ұзақ жылдар жасыл желектендіру саласында жұмыс істеп жүрген «Симоненко» жеке кәсіпкерлігі, «Нұрлы таң» ЖШС, «Эльмира» шаруа қожалығы, «Айка-2030» ЖШС сияқты компаниялар басшылары және Ақтөбе орман шаруашылығы кәсіпорнының директоры Марат Куспанов,  «Ақтөбе, дыши» қозғалысының ұйымдастырушысы, облыстық мәслихат депутаты Евгений Лазарчук қатысты.
«Соңғы жылдары қалада жасыл желек азайып кетті. Осыған байланысты біз өткен жылы ағаш кесуге тыйым салдық. Өсіп тұрған ағаштарды қажет жағдайда басқа жерге қайта отырғызуға арналған техника алуды жоспарлап отырмыз.  Суару жүйесін қалыпқа келтіріп бастадық. Биыл бұл жұмыстар жалғасатын болады.
Былтыр жол жөндеу саласында ауқымды жұмыстар атқарылса, биылғы жылды біз жасыл желектендіру арқылы қаланы абаттандыру жылы болады деп жарияладық.  Қала тұрғындарын ағаш отырғызуға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамын», — деді қала әкімі Асхат Шахаров.
Айта кету керек, биыл 45 мың шаршы метрге гүлдер отырғызылады. Бұдан былай жыл сайын қаражат шығындамас үшін 28 мың шаршы метрге көпжылдық өсімдіктер егіледі. Ал осы жұмысты міндетіне алатын компаниялармен 3 жылға келісімшарт жасалады. Бұл ол компаниялардың жауапкершілігін арттырады.