«Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы туралы жария хабарландыру
Байқау
Басталу күні
03-04-2017 08:00
Аяқталу күні
03-04-2017 08:00

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы № 250 өкіміне сәйкес Қазақстанда жыл сайын «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы өткізіледі.
Байқаудың мақсаты — өнегелі құндылықтарды жаңғырту, балаларды тәрбиелеуде ата-ананың жауапкершілігін арттыру, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, қазақстандық отбасының жағымды имиджін үгіттеу болып табылады.

Конкурс ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 5 науырыздағы №181 қаулысымен бекітілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Конкурсқа отбасы мүшелері еңбекте, спортта, шығармашылықта, зияткерлік салада, ғылымда немесе өзге де салаларда жоғары жетістіктерге жеткен отбасылар қатыса алады. Қатысуға өтінім төмендегі құжаттармен бірге беріледі:

1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін — жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;
3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
5) балаларды тәрбиелегені үшін алған көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін алған көтермелеулердің бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
6) балалардың, ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жұмыс (оқу) орнынан анықтамалар және мінездемелер;
7) ұсынымдар (әріптестерінің, көршілерінің, достарының);
8) отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері.

Конкурсқа қатысуға өтінім беру үшін құжаттар түпнұсқамен тапсырылуы қажет.

Байқауға қатысу үшін өтінім мен құжаттар Т.Ахтанов көшесі, 50 үй, 44-кабинет «Ақтөбе қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ-де қабылданады.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер тиісті құжаттар қоса тіркелген арнайы нысан бойынша қалалық комиссияларға 2017 жылғы сәуірдің 1-нен 30-на дейін беріледі.

Қосымша толық ақпараттарды алу үшін 41-63-86 байланыс номеріне хабарласуға болады.